25 Ақпан, 2015

Жолдау  міндеттері орындалуда

339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақсу – металлургтер мен энергетиктердің қаласы.  Ферроқорытпа зауыты  мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ біздің қаламызда орналасқан. Электр стансалары еліміздің оңтүстік облыстарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.  Өндірістік қуатты арттыру мақсатында Ақсу ферроқорытпа зауытында №45 және №46 пештерге газ тазартқыш құрылғыларын салу, №4, №6 цехтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.  Ал «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тағы күл үйіндісін шығару, циклдық-ағымды кешенді салу жұмыстары жалғасуда.  Және де Ақсу ЖЭС-інде 5-ші энергоблокты қайта жаңарту басталды. Сонымен қатар, Сольветка ауылындағы электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту үшін 35 миллион теңге бөлу жоспарланды. Өндірісті қаламызда шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы саласы жақсы  дамып келеді. Шағын және орта бизнестің 3 мыңнан аса нысаны бар. Олар шығаратын өнімдердің үлесі облыс бойынша жалпы өнеркәсіп өнімдері көлемінің 28 пайызын құрайды.  Бұл үшін Елбасы Жолдауының басым бағыттарын негізге аламыз. Мәселен,  «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасы аясында жуырда ғана қаладағы  екі 64 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды.  Инчхондағы XVII Азия ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Шабанбайға екі бөлмелі пәтерді сыйға бердік. Бұл күндері қаланың ауылдық аумағына қарасты  Қалқаман ауылында 300 орындық мектептің, Жолқұдық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары басталды. Қаладағы орталық ауруханаға 93 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Ауруханада диализ орталығы ашылды, ол бүйрегі нашар науқастардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Жолдау аясынан өрбитін барлық жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.  Ақсудағы  автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 384,4 километрді құрайды, оның ішінде 139 километрі – республикалық, 111 километрі – облыстық, қалғаны аудандық маңызы бар жолдар. Былтыр  Үштерек ауылына кіреберіс жолдар жөнделді.  Ақсу мен Павлодар қалалары аралығында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салынуда.  Шағын қаланы дамытудың кешенді жоспарына көптеген нысандардың құрылысы мен қайта жаңарту шаралары енгізілді. Оның барлығы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Қалалық жылыту қазандығын салу, магистральдік және квар­таларалық жылу трассасын, магистральдік және кварталаралық су құбырларын қайта жөндеу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын тұрғызу жоспарлануда. Орталық жағажайын қайта жаңарту, қала жолдарын қайта жөндеу, жарықтандыру объектілерін қайта жаңарту, Жолқұдық, Пограничник ауылдарының су құбырларын қайта жаңарту секілді шаралар бар. Жуырда «Қызылжар-Құс» ЖШС құс фабрикасы жұмысын қайта бастады, оның өндірістік қуаты жылына 8 мың тонна етті құрайды. Кәсіпорында 240 адам жұмыс жасайды. Екінші жоба бойынша «ПТСФ ДАНиЕР» ЖШС негізінде жіксіз болат құбырлар өндіретін цехтың құрылысы қолға алынуда.  Сондай-ақ, қосалқы өндіріс және серіктестік бағдарламасы бойынша  кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерліктер арасында арнайы киімдер тігу және жөндеу, құрылыс жұмыстары, автокөлік қызметтері, көкөніс және сүт өнімдерін жеткізу жөнінде бірігіп қызмет істеу келісімшарттары жасалды. Былтыр тұрғындар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 50 бас сиыр мен бір асыл тұқымды бұқа, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 асыл тұқымды бұқа мен 33 сиыр сатып алды. Ақсу қаласы мен қаланың ауылдық аумақтарында  70 мыңға жуық халық тұрса, оның  44 мыңы қаланы, қалғандары негізінен 11 ауылдық аумақ құрып отырған  40-қа жуық ауылдарды мекендейді. Ауылдың қалаға, қаланың ауылға қарасатын өзара байланыстары жақсы жолға қойылған. Қайрат НҮКЕНОВ, Ақсу қаласының әкімі. Павлодар облысы, Ақсу қаласы. сурет: http://zholdau.kz